ДОНОР БОЛУ — ҚҰРМЕТТІ ЖӘНЕ ЛАЙЫҚТЫ ІС!

Мұндай ұранмен 2019 жылғы 21 ақпанда Астана қаласының № 53 мектеп-гимназиясында өткізілген «Қан судай қажет» атты презентация аяқталды.

Қан қызметі мамандары Ерікті өтеусіз қан донорлығын дамыту жөніндегі 2019 жылға арналған іс-шаралар жоспары шеңберінде ұсынған презентациясының басты мақсаты қан донорлығын танымал ету, болашақ донорлардың ерікті өтеусіз донорлыққа оң көзқарасты қалыптастыру болып табылады.

Көрнекі презентациялық материалдарды пайдалана отырып, мамандар оқушыларға адам ағзасындағы қанның құрамы, оның рөлі, функциялары, топтары туралы білімдерін толықтыруға тырысты, сондай-ақ тыңдаушыларға донорлық қан кімге және қандай жағдайда қажет екені және оған кімдер көмектесе алатыны туралы ақпарат берді. Материалды түсіндіру барысында оқушылар қан топтары туралы, қан құю қажет екендігі туралы өз білімдерін көрсетті және білетіндерін айтты.

— «Донорлық – бұл мұқтаж адамдар үшін өз қанымен бөлісу мүмкіндігі, сол арқылы оның өмірін сақтап қалу. Мұны 18 жасқа толған әрбір дені сау адам, әрине, үлкен жүрегі бар адам жасай алады. Бүгін сіз ересек өмір табалдырығындасыз, 17 жастасыз. Осыған байланысты, баршаңызды салауатты өмір салтын ұстануға, ерікті өтеусіз донорлықтың негізгі ережелерін ұмытпауға шақырамын. Донорлық қанды қажет ететіндер әрдайым болған, бар және болады, ал олар өз үміттерін сіздер сияқты мықты, дені сау, шексіз мейірімді сияқты адамдарға артатынын есте сақтау қажет. Донор болу – құрметті және лайықты іс», – деді Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының донорлықты ұйымдастыру жөніндегі менеджері Жұмагүл Қожахметова.

Өткізілген іс-шара оң нәтижелі болды, өйткені қан туралы және қан донорлығы туралы алған білімдерінен басқа, 11-сынып оқушыларының тобы Орталық өкілінің волонтерлік қозғалысына қосылуға ниет білдірді.