Донорларды қабылдау: күн сайын 8:30-дан 14:00-ге дейін

Астанада қанның жетіспейтіні туралы ақпарат расталған жоқ

Әлеуметтік желілерде Астана қаласындағы паллиативтік бөлімшесінің пациентіне донорлық қан жетіспейтіні туралы ақпарат пайда болып, таратыла бастады

Қан қызметінің басты ұйымы болып табылатын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында осы ақпаратты тексерді. Көрсетілген мәліметтер бойынша Астана қаласында аталған пациент табылған жоқ. Барлық қажетті қан компоненттер жеткілікті көлемде, олар демалыс, мерекелік күндері, түнгі уақытта да беріледі. Медициналық ұйымдар қан компоненттерімен толық қамтамасыз етілген.

Мерекелік күндері Трансфузиология орталығы 365 донорды қабылдады. Медициналық ұйымдарға 5 күннің ішінде қан және оның компонентетрінің барлығы 866 дозасы берілді.

Донорлық қанның оңтайлы қорын жасау үшін @astanadonor, Facebook, Instagram әлеуметтік парақшаларында қажетті қан топтары туралы өзекті ақпарат жарияланады.

Осыған орай, Трансфузиология орталығы елорда тұрғындарынан уайымдамауды және мұндай ақпаратты таратпауды сұрайды. Науқастарды донорлық қанмен қамтамасыз ету мәселелерін медициналық қызметкер шешеді. Соңғы кезде Facebook парақшаларында жарияланған мұндай ақпарат жалған болып келеді, яғни нақты фактілерге негізделмейді.

Денсаулық – бақытты және толымды өмірдің негізгі шарты. Аман-сау болыңыз! Өзіңізді және жақындарыңызды күтіңіз.

Трансфузиология орталығы донорларды күтеді.