Донорларды қабылдау: күн сайын 8:30-дан 14:00-ге дейін

Қазақстанда донор қанына тапшылық жоқ

Бүгінгі күні Қазақстанда донор қанына тапшылық жоқ. Республика бойынша жылына 280 мыңдай адам қан тапсырады. Оның 90 пайызы өтеусіз негізде өз еркімен донор болуды қалайды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қан қызметі – денсаулық сақтау саласындағы аса маңызды жүйе. Елімізде оны дамытуға үлкен мән берілуі сондықтан. 2008-2010 жылдары барлық өңірлерде жаңа 10 қан орталығы салынды. Қан қызметін әрі жүйелеу мақсатында Астанада 2011 жылы трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы ашылады. Қазіргі таңда бұл орталық қан дайындау көлемі бойынша ТМД елдерінің ішінде алдыңғы бестікке еніп отыр.

Орталықта жүргізілетін зертханалық жұмыстар мен донорлық қанды қайта өңдеу технологиясының деңгейі АҚШ пен Еуропада пайдаланылатын стандарттарға сәйкес келеді. Донор қаны қазіргі уақытта екі кезеңдік зертханалық скринингілеуден өтеді. Бұл қанның қауіпсіздігін толығымен қамтамасыз етеді. Яғни, қан құйылған адам ешқандай ауру жұқтырмайды деген сөз.

Орталықта күніне 100-ге жуық адам қан тапсырады. Өткен жылы жалпы Астанада 46 мыңдай адам донор болған. Мамандардың айтуынша, негізінен адамдар өтеусіз негізде қан беріп, сырқат жандарға көмек көрсеткісі келеді.

«Мұндай адамдардың үлесі 80 пайызға жуықтайды. Бірақ ақылы негізде қан тапсыратындар да бар. Олар жасуша донорлары, яғни бұл жерде адамның денсаулық жағдайының маңызы зор. Олар 20 мен 40 жас аралығындағы ер адамдар және сирек қан топтарының донорлары. Дегенмен, біз өтеусіз донорлықты дамытып жатырмыз, бұл бүкіл әлемдегі алтын стандарт. Биылғы жылы жоспар бойынша 42 мың донация жүргізіледі», – дейді трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының бөлімше меңгерушісі Светлана Скорикова.

Әсет Хамитов – қан орталығының тұрақты доноры. Ол алты жылдан бері қан тапсырып келеді.

«Алғашқыда көмек сұраған кезде қан тапсырған болатынмын. Содан бері тұрақты түрде орталыққа келіп тұрамын. Айына бір рет келемін. Адамдарға осылайша көмек көрсеткеніме қуаныштымын. Біздің қан кейбір адамдардың өмірін сақтап қалуы мүмкін ғой», – дейді Астана тұрғыны.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған донорлықты дамыту көрсеткіші бойынша Қазақстанда 1000 адамға шаққанда 25 донор болуы қажет, ал қазіргі таңда ол 1000 адамға 17-18-ді құрап отыр. Ал Астанада бұл көрсеткіш 54 донорға жеткен. Ұлттық деңгейде бұл жылына 280 мың донор екен. Осылайша, елімізде донорлық жылдан-жылға дамып келеді. Мұның негізінде органдар мен тіндерді трансплантациялау жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Отандық мамандар трансплантациялау кезінде донор мен реципиенттің үйлесімділігін зертханалық анықтау технологиясын меңгеріп алды. Тіпті, осы зерттеулердің нәтижесінде әлемге белгісіз «қазақ гені» анықталып, қазақ популяциясының жаңа тұқымы халықаралық деректер қорында тіркелген.

 

Айымгүл ӘБІЛЕВА