Донорларды қабылдау күнделікті,8 :30 дан 14:00 дейін

Елімізде туыс емес донорларға сұраныс көп

Бұдан да көп операция жасауға болады. Алайда оған донор тапшы. Донор табылса, палаталар жетіспей жатады,дейді дәрігерлер. Қазірдің өзінде 30 адам трансплантация кезегін күтіп отыр. Марат Қартпаев Атыраудағы мұнай кен орнында еңбек етеді. Алты баланың әкесі былтыр қан ауруына шалдыққан. Диагнозы анықтала сала, елордадағы ұлттық онкологиялық ғылыми орталығына жіберіледі. Науқастың бағы бар екен. Тұңғышы донор атанып, әкесінің оңалуына себепкер болды.

Марат Қартпаев, науқас:

– Осында ем алып жатырмын. Желтоқсанға дейін 4 курс алдым, химиотерапиясы бар. Демалып келдім де, содан кейін трансплантацияға келдім осында. Трансплантация өзімнің үлкен қызым болды. Жақсы қазір. Аллаға шүкір. Қанымды ауыстырып шықтым.

Елде туыстық емес трансплантация да сәтті жасалып жатыр. Алайда донор тапшы. Мәселені шешу үшін Қазақстан-Ресей тіркелімі түзілген. Онда да ынталылар көп болмай шықты.

Айзат Сүлейменова, ҰҒОО №2 онкогематология бөлімшесінің меңгерушісі:

– Қазақстандық-ресейлік регистрде донор мүлде болмаса, онда әрі қарай ДЖ регистрден донор іздейміз. Егер де ДЖ регистрде науқасқа сәйкес келетін донор анықталса, онда ол науқас бюджет арқылы шетелге трансплантацияға бағытталады. Оның трансплантациясы шетелде де науқас үшін тегін болады. Ол мемлекет тарапынан болады. 

Қазір сүйек кемігі трансплантациясына ұлттық ғылыми онкологиялық орталығында 30 науқас кезегін күтуде. Алайда елдегі тіркелімде бар-жоғы 9000 донор тіркелген. Сәйкес кемікті табу оңай емесін ескерсек, оның 1-2-еуі ғана донор болуға жарауы мүмкін.

Дулат Имашпаев, трансфузиология ҒӨО БАСҚАРМА төрағасының бірінші орынбасары:

– Еуропа мемлекеттерінде, АҚШ-та донор тіркеліміне көбірек ақша бөлінеді. Қор бар, сол себепті тіркелім саны ұлғайған. Тіркелім дұрыс жұмыс істеу үшін халықтың бір проценті тіркелімде болуы керек. Біздің мемлекетке келетін болсақ, 100 мың, 180 мың адам егер тіркелімде болатын болса, ДЖ стандарттар бойынша ең мықты көрсеткіштердің бірі болып табылады.

Ұлттық онкологиялық ғылыми орталығында 2010 жылдан бері сүйек кемігін ауыстырудың барлық түрі тегін жасалады. Алайда палаталардың  аздығы науқастарды түгел қамтуға кедергі. Қазір орталықтың жаңа ғимараты салынып жатыр. Онда 15 емделу бөлмесі ашылмақ. Бұл да аз болуы мүмкін. Өйткені мамандар дүниежүзілік тіркелімнен донор қабылдап, трансплантацияны елде жасауға ниет етіп отыр. Бірақ ол үшін трансплантатты тасымалдау барысы үкіметпен реттелуі керек.

Айзат Сүлейменова, ҰҒОО №2 онкогематология бөлімшесінің меңгерушісі:

Мысалы, Жапонияда, АҚШ-да жылына 500-600 трансплантация жасалады. Шығыс Еуропада жылына 180-200-ге таяу трансплантация жасалады. Біздің елде жылына 70-75 трансплантация жасалады. Трансплантацияның бұндай шектеулі саны ол трансплантациялық бөлімшедегі палаталардың аздығына байланысты. Ол жерде тек 6 ғана палата бар. Егер де палаталардың саны 2 есе немесе 3 есе көбейсе, онда біздер жылына шамамен 180-200-ге таяу трансплантация жасай аламыз. 

Донордың сүйек кемігі 6 айдан кейін қалпына келеді. Осы ретте мамандар ақылы трансплантацияға үміт артып, шекара асудың қажеті жоқ дейді. Өйткені науқас бір жыл көлемінде дәрігерлердің бақылауында болуы қажет. Оңалту қызметі де елде тегін көрсетіледі.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мұрат Әріпханов