Донорларды қабылдау: күн сайын 8:30-дан 14:00-ге дейін
28 Сәуір 2017 https://baq.kz
Жол апатына түскендердің сау органы трансплантациялауға жарамайды – маман
Елордадағы Трансфузиология ғылыми-өндірiстік орталығы Тіндерді иммунологиялық типтеу бөлімінің меңгерушісі Аида Тұрғанбекова Baq.kz тілшісіне берген сұқбатында елiмiздегi трансплантология саласының ахуалы мен отаға дейiн маңызды функция атқаратын зертхана жұмысы жайлы әңгiмелеп бердi.
– Әңгiмемiздi бөлiм жұмысынан бастасақ…
– Бөліміміз осы Қан орталығында (Трансфузиология орталығы) орналасқан. 2009 жылы Қан орталығы салынғаннан бастап жұмыс істеп келеміз. 2011 жылдан бастап органдарды және тін жасушаларын (стволовые клетки) трансплантациялау үшін жаңадан зертхана ашылды. Яғни, біздің қызметіміз кеңейді. Осы кезден бастап трансплантацияға да сүйемелдеу жасап келе жатырмыз. Донор мен пациенттің арасындағы тіндік сәйкестіктi қан арқылы тексереміз. Бірінші кезекте органды трансплантациялауға қатысты донор мен реципиенттің лейкоцитаралық антигенін анықтаймыз. Екіншіден екеуінің қанын үйлестіріп, бір-біріне сәйкес келе ме, келмей ме, соны қараймыз. Оны Cross-match реакциясы деп атаймыз. Сол Cross-match реакциясы теріс болған кезде ғана трансплантация жасалады. Егер оң нәтиже берсе, ондай отаға жол берілмейді. Бұл ең негізгі зерттеу болып келеді. Үшінші зерттеу, ол пациенттерге ғана жасалады. Лейкоцитарлық антиденелерді анықтаймыз. Егер бұндай антиденелер бар болса, олардың саны көп болса, ол сәйкес донорды табуды қиындатады. Сондықтан, ол бар ма, жоқ па, егер болса, қандай түрлері бар, соны анықтау біз үшінші талдауымызды жасаймыз. Бiз осы негізгі үш талдауды жүргіземіз.
– Талдаулар тегiн жасала ма?
– Егер трансплантолог, хирургтерден жолдама әкелсе, талдаулар тегін жасалады. Жалпы, оталардың барлығы квота бойынша тегін жасалып жатыр. Ал негізі талдаулардың өзi өте қымбат тұрады. Донор мен реципиентке, яғни екі адамға талдауға 1,5 мың доллардан артық ақша кетеді. Ақылы түрде тек шетелдіктер жасайды. Бiзге күніне 2-3 жұп, яғни донор мен реципиент келiп, талдау жасатқызады. Зертхана талдауы қымбат болғандықтан, Трансплантология орталығы бiзге жiбермес бұрын, пациент пен донордың денсаулығын жiтi тексерiп алады.
– Қазақстанда жылына трансплантация бойынша қанша ота жасалады және қанша адам органға кезекте тұр?
– Елiмiзде жылына 300-ден астам трансплантация жасалады. Ал орган алмастыруды қажет ететін 3 мыңнан астам науқас бар. Олардың 200-ден астамы – балалар. Бұл пациенттердің барлығы бізде тізімге, яғни күту парағына енгiзiледi. Елiмiзде бекiтiлген тiзiм бойынша кезекте тұрғандар саны 3426 адамды құрайды. Олардың ішінде 2595 адамға – бүйрек, 524 адамға – бауыр, 117 адамға – жүрек, 7 адамға – өкпе, 3 адамға – жүрек пен өкпені қатар алмастыру қажет.
– Осынша адамға талдау мен ота елордада ғана жасала ма?
– Біз 2011 жылдан 2015 жылға дейін Қазақстан бойынша жалғыз зертхана болдық. 2015 жылы екінші зертхана Алматыдағы Республикалық қан орталығында ашылды. Ол Қазақстанның оңтүстік аймақтары – Шымкент, Қызылорда, Тараз, Алматы қалалары мен Алматы облысы үшін жұмыс істейді. Сондай-ақ, биыл Ақтөбе қаласында зертхана ашу жоспарланып отыр. Одан кейін, Шығыс Қазақстан облысында да осындай лаборатория ашу көзделген. Яғни, еліміздің 4 аумағын зертханалармен қамтамасыз ету жоспарда бар. Ал орган алмастыру туралы айтатын болсақ, Қазақстан бойынша орган алмастыру оталары – елордадағы Транспланталогия орталығында, жүрекке – Кардиохирургия орталығында, балаларға – Ана мен бала орталығында, сондай-ақ, Ұлттық ғылыми медициналық орталық пен Алматының бір-екі клиникасында транспланталогия оталары жасалады.
– Пациент органын алмастыру үшiн қайда барып, не iстеуі керек?
– Пациентке донор ретiнде ең алдымен жақын туыстары мен таныстары қарастырылады. Егер олар органын бермесе немесе органдары жарамай, сәйкес келмей жатса, онда басқа донор iздестiруге тура келедi. Ол үшiн пациент республикалық тiзiмге, яғни күту парағына енгiзiледi. Бiз екi жағдайды қарастырайық, мысалы туыстары жағынан донор табылды делiк. Бiздiң жасаған талдауымыз сәйкес екенін көрсетсе, жақындары туыстығын дәлелдейтiн құжаттарын көрсетуi тиiс. Сондай-ақ, бүгінде қайтыс болған адамдардың органдарын трансплатациялау деген бар. Яғни, кейбір адамдардың миы өлген жағдайда олардың туыстарының рұқсатымен ішкi органдарын, мысалы бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, көз шынайнасын алуға болады. Адамның миы өлген жағдайда ол өмірге қайта оралмайды. Бұндай адам көптеген зерттеуден өтiп, арнайы комиссиямен тексеріледі. Астана мен басқа қалалардың дәрігерлерінен құрылған комиссия мүшелері «миы өлдi» деген шешім қабылдаған жағдайда ғана туыстарынан рұқсат сұралады. Рұқсат берiлген кезде ғана Орталығымызға донордың қаны жіберіледі. Ол тексеруден өткізіліп, тізімде тұрған 3 мыңнан астам адамның қайсына сәйкес келетіні анықталады. Солардың ішінен 10-15 адамға гені сәйкес келуi мүмкін. Одан әрі зертхана мамандары тек сол адамдармен зерттеуді жалғастырып, араларынан сәйкестігі жоғары адамды таңдайды. Мұны біз мәйіттік трансплантациялау деп атаймыз. Мәйіттік трансплантологияда органы алынатын адам жан сақтау бөлімінде аппараттарға қосулы тұрады, өйткені оның органдары өлмеуі керек.
– Донордың туыстары органды сатып жiберуi мүмкiн ғой?
– Оған жол берiлмейдi. Туыстары «бiз қарсы емеспiз, трансплантацияланатын органдарды тегін береміз» деген нотариуспен куәландырылған құжаттар әкелуi тиiс. Ал органдарды алған адам кiмнен алғанын бiлмейдi. Негiзi екi тарапқа да ақпарат құпия болып қалады. Бұл ертең туыстары бiр-бiрiн іздеп, мазалап жүрмесін деген мақсатпен жасалады. Бізде республика бойынша трансплантацияларды үйлестіру орталығы жұмыс iстейдi. Әр аймақта үйлестірушілер мен туысқандарымен сөйлесетін психологтар бар. Алынған орган үшін ақша сұрауға жол берілмейді.
– Науқас адам басқаларға көмектесу үшiн «қайтыс болған соң органдарымды алыңдар» деп өсиет етуіне бола ма?
– Жоқ. Өйткені, бір жері ауырып тұрған адам донор бола алмайды. Оның өзінің денсаулығы нашар, сондықтан оның ағзаларын пайдалану мүмкін емес. Тек қана миында ақау болған адамдар, миы жарақаттанған немесе инсульт алғандар ғана донор бола алады. Ал ішкі органдардың барлығы дұрыс болуы керек. Мысалы, жол апатына түскендерден де алынбайды. Өйткені, апаттан бір ағзаға зақым келсе, адамның басқа органдары шок алуы мүмкін. Олар трансплантациялауға жарамайды.
– Кейде «ақшадан қысылғандар бүйрегiн сатады екен» дегенді естiп жатамыз. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
– Бүйрек пен басқа да адам ағзалары сатылып жатыр деген әңгімелер шындыққа жанаспайды. Өйткені бізге адамдар тек қана хирургтердің, трансплантолгтардың жолдамасымен келеді. Ал жолдамасы болмаған жағдайда, біз ешбір тексеру, зерттеу жұмысын жүргізбейміз. Егер талдау жасалмаған болса, онда ешқандай хирург оған трансплантация жасай алмайды. Сәйкес келмейтін орган салынған сәттен бастап қарайып, істен шығып, ал пациент операция үстелінде өліп кетуі де мүмкін. Бұның барлығы Қазақстан заңдары және стандарттарымен реттелген. ҚР Кодексінде де тек қана сәйкестігі бар адам ғана донор бола алады делінген. Сондықтан сырттан келіп, мен орган тапсыра аламын, бергім келеді, біреуге сатамын деген әңгімелер – жалған.
– Елiмiзде орган беруге келiсетiндер бар ма?
– Көбісі қарсы. Біздің халық түсінбейді. Көп жағдайда мамандар миы өліп қалған адамдардан сұрайды. Ал туыстары адам өлді ме, өлмеді ме деп күдіктенгендіктен қарсы болады. Халықтың түсінігі әлі өзгерген жоқ. Бұл Еуропада жақсы дамыған. Мүмкiн халқымыз мұсылман болғаннан кейін денесін арулап, бүтіндей жерлегісі келетін шығар. Бізде сондай қиындық бар. Барлық науқасқа орган табуға біздің қолымыздан келетін шара жоқ, өкiнiшке қарай, қайтыс болып кетіп жатқан ересектер де, балалар да бар.
– Ал жаңа органмен адам қанша жыл өмiр сүре алады?
– Жаңадан салынған орган ағзада 5 жыл өмір сүрген болса, ол медицинада жақсы көрсеткіш деп саналады. Әркімнің ағзасы, иммунитеті әртүрлі, кейбір адамдар 10-15 жыл өмір сүреді. Барлығы адамның күтіміне байланысты. Трансплантация жасағандар отадан кейін жаңа өмір бастағандай болдық дейді. Өзін жақсы сезінген кейбiр адамдар, әсiресе ер азаматтар темекі шегіп, арақ ішіп, салауатты өмір салтын ұстанбай кетеді. Ал бұндай ота жасатқандар өмір бойы күтімде болып, иммунитетін қалыпты ұстап тұру үшiн арнайы дәрі ішіп отыруы керек. Ал олай болмаса, жағдайы нашарлап кетуі мүмкін. Сондықтан, транспланталогия жасатқандарды, жалпы барлық қазақстандықты салауатты өмiр салтына шақырамын. Денсаулықтарыңызды күтiңiздер, ауырмаңыздар.
– Сұқбатыңызға рақмет.