Донорларды қабылдау: күн сайын 8:30-дан 14:00-ге дейін

Қан тапсырудан асқан қайырымдылық жоқ

Елордадағы республикалық трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығына күніне орташа есеппен 150-дей адам қан тапсыруға келеді. Олардың ішінде ер адамдардың үлесі басым, шамамен 60-70 пайызды құрайды.

Аталмыш мекеменің трансфузиолог-дәрігері, донор кадрларын жинақтау бөлімшесінің жетекшісі Әйгерім Сағамбаеваның айтуынша, донор болғысы келетін адам мынадай бірнеше талапқа сай болуы керек.
«Донорлыққа қойылатын ең әуелгі талап – адам 18-ге толған болуы керек. Екіншіден, салмағы 50 келіден асатын адамдар ғана донорлыққа жарайды. Біз бәрінен бір ретте стандарт көлемдегі, яғни 450 мл қан аламыз, ал салмағы аз кісілер үшін мұндай көлем ауыр тиюі мүмкін. Үшіншіден, донорда ІІ және ІІІ деңгейдегі артериялық гипертензия, обструкциялық бронхит, асқазанның ойық жарасы, бауыр циррозы, гепатит, мерез, АИТВ тәрізді созылмалы аурулар болмауға тиіс, туберкулезбен ауырмаған, бұрын-соңды есірткі тәуелділігіне шалдықпағаны да міндетті. Сонымен қатар екпе қабылдаса, 14 күннен кейін ғана қан тапсыруына болады» дейді ол.
Қан орталығы елордадағы 23 медициналық мекеменің күнделікті сұранысын қанағаттандырып отыр. Жыл сайын орталықта 6 мыңнан аса адам қан тапсырады. Бірінші орында – кардиохирургиялық аурухана. Онда жиі ота жасалады, астананың ғана емес, республиканың әр түкпірінен пациенттер келеді. Мұндағы аппараттарды үнемі донорлық қанмен толтырып отыру керек, ал бұл көп қанды қажет етеді. Екінші орында онкологиялық орталық тұр. Одан кейін қаланың басқа медициналық мекемелері кетеді, оларды айына 5,5 мың доза қанмен қамтамасыз етіп отыр.
Ақы алу үшін қан тапсыру қауіпті. Адамда қандай да бір материалдық пайда табуды көздейтін мотив пайда болғанда, ол қан берер алдында өтірік айтуы, қандай да бір фактіні ішінде бүгіп қалуы мүмкін. Бұл сапасы күмәнді қанның көбеюіне жол ашады. Сондықтан қоғамда қан тапсыруды қайырымдылық ретінде қалыптастыру керек дейді дәрігерлер.
«Қоғамда қан тапсырған адам өз денсаулығына зиянын тигізеді деген жалған түсінік әлі де бар. Әсілінде, қан тапсыру донорға физиологиялық жағынан да, психологиялық жағынан да пайдалы. Егер біздің еліміздің де әр тұрғыны қан тапсыруды өзіне азаматтық парыз деп санаса, сан мыңдаған науқас ауруынан айығып, сан мыңдаған адам өз туысынан айырылмас еді. Қан тапсырған адам өзінде қандай аурулар барын тегін анализ арқылы анықтай алады. Әдетте, адамдар өз бетімен жұқпалы ауруларға тексеріле бермейді. Кейде донор болуға өтініш білдіргендердің ішінен ойламаған жерден мерез, гепатит, АИТВ секілді қауіпті аурулар анықталып жатады, олар қан тапсыруға келмесе, мұны кеш білуі мүмкін еді ғой. Одан бөлек, қан беру денсаулыққа пайдалы, бұл ағзадағы қанның жаңарып, ағзаның жасара түсуіне көмектеседі» деді Ә.Сағамбаева.
Донорлардың жартысынан көбі, яғни 51 пайызы – 31 мен 50 жас аралығындағылар. Қан беруге көбіне ер адамдар бейім, олардың үлесі 69 пайызды құрайды. Пандемия донация көлеміне де біршама әсер етіпті. Мәселен, 2019 жылы орталықта 35228 рет қан берілсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 30180-ге азайған.

Жаңалықтар