Донорларды қабылдау: күн сайын 8:30-дан 14:00-ге дейін

«Лейкоз ауруына шалдыққандарға донорлар көмектесiп келедi – Қан орталығы»

15 Мамыр 2017  https://baq.kz

Лейкоз ауруына шалдыққандарға донорлар көмектесiп келедi – Қан орталығы

Өкiнiшке қарай, елiмiзде онкологиялық ауруға шалдыққандар саны артып барады. Жасты да, кәрiнi де аямайтын «жаман аурумен» дәрiгерлер жұмыла күресуде. Елордадағы Трансфузиология ғылыми-өндірiстік орталығы Тіндерді иммунологиялық типтеу бөлімінің меңгерушісі Аида Тұрғанбекова Baq.kz тілшісіне лейкоз ауруын емдеуде орталықтың атқарып жатқан жұмысы жайлы әңгiмелеп бердi.

«Бөліміміз Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының құзырында. 2009 жылы Орталық салынғаннан бастап жұмыс істеп келеміз. 2011 жылы органдарды және тін жасушаларын (стволовые клетки) трансплантациялау үшін жаңадан зертхана ашылды. Яғни, осы кезден бастап қызметіміз кеңейiп, трансплантацияға сүйемелдеу жасап келемiз. Бiз пациент пен донор органдары мен тiн жасушаларының сәйкестiгiн анықтаумен айналысамыз. Орган трансплантациясы дегенiмiз – науқастың бүйрек, бауыр, жүрек және тағы басқа органдарын алмастыру болса, тін жасушалары трансплантациясы дегенiмiз – лейкоз ауруын емдеу үшiн жасалатын медициналық процесс. Лейкоз (қан обыры немесе ақ қан) – қан құрамындағы қалыпты физиологиялық клеткалардың өз қызметін атқармайтын нашар клеткаға айналуы, олардың құр бос айналып, көбейе беруі. Бұндай науқастарға дәрі беріп, сәулелі терапия жасап, нашар клеткалардың барлығын жою керек. Содан кейін сау жасушаларды қалпына келтіру үшін науқасқа сәйкес тін жасушаларын құю қажет. Тiн жасушалары донордың қанынан немесе сүйек кемiгi сұйықтығынан қажеттi мөлшерде алынады. Жасушалар пациенттің қанына құйылады. Ол сүйегіне сiңiп, орналасады, осы арқылы жаңа клеткалардың бөлінуін қамтамасыз етеді. Пациент пен донордың тін жасушаларының сәйкестігі 100 пайыз болуы тиiс. Көбінесе науқастың туған ағайындары, яғни бауыры, сіңілісі, ағасы не әпкесі донор бола алады. Туыстарынан табылмаса, тiзiмдегi донорлардан көмек сұраймыз. Пациентке қанның сіңісіп кетуi, оның ағзасының жасушаларды қабылдау-қабылдамауы тұрақты тексеріліп тұрады», – дейдi Тұрғанбекова.

Маманның айтуынша, тін жасушалары адамның сүйек кемiгiнде болады. Оларды қанға түсiру үшiн донорға арнайы препараттар инемен салынады. Одан кейiн тамырдан қан алынады. Бүкiл процесс 5-6 сағат алуы мүмкiн. Осы уақытта донор дәрiгерлердiң жiтi бақылауында болады. Сондықтан, донордың денсаулығына ешқандай қауiп төнбейдi.
«Дегенмен, кейде препараттар клеткалардың қанға түсуін қамтамасыз етпейді. Адамның иммунитеті мықты болса, жасушалардың қанға түсуі қиындайды. Әрине, мұндай жағдай сирек кездеседi. Ондай жағдайда жасушалар донордың арқасындағы сүйегiнен пункция жасау арқылы алынады. Пункция біздiң орталықта жасалмайды, ол онкология, трансплантология, гематология бөлімдерiнiң операция залында жасалады. Пункция жолымен алынған сұйықтыққа қанмен бірге майлы клеткалар, сүйек сынықтары түсіп кетуі мүмкін. Сондықтан, сұйықтықты біздің орталыққа қайта жібередi. Қан орталығында Криобиология бөлімi бар, сол жерде қан тазартылып, тін жасушалары ғана бөлініп, құюға дайын етiп жіберіледі. Пункция әлем елдерiнде кең тараған медициналық процесс, оның донор денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Сүйек кемігі бір тәулік ішінде қайта қалпына келеді. Осы уақытта донор дәрігерлердің бақылауында болады», – деді Аида Тұрғанбекова.

Бөлiм меңгерушiсiнiң айтуынша, орталықта қан мен тiн жасушалары донорларының тiзiмi бар. Лейкоз ауруына шалдыққан науқастарға қан өте көп қажет, соны түсiнiп, тұрақты түрде қан мен жасушаларды тапсырып тұратын 4,5 мың донор бар. Дегенмен, кейде құйылған адамдарға жасушалардың пайдасы болмай, донор қайта іздестірілiп жатады. Кейбiр пациенттер жазылып, бiрнеше жылдан кейiн ауру қайталануы мүмкiн. Онкологиялық ауруға шалдыққандар арасында тін жасушалары құйылғаннан кейiн дертiнен құлан таза айығып кететiндер де бар. «Бұл бір Алланың қолында, оны біз болжай алмаймыз», деп түйiндедi маман.
Естеріңізде болса, бұған дейін Тіндерді иммунологиялық типтеу бөлімінің орган трансплантациясындағы рөлі мен қан тапсырудың пайдасы жайлы жазған болатынбыз.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ