Донорларды қабылдау: күн сайын 8:30-дан 17:00-ге дейін

Астанада әлемдік сарапшылардың қатысуымен өтетін трансфузиялық терапия бойынша XIII халықаралық конференция өз жұмысын бастады

Астана қаласында әртүрлі елден келген 800-ден астам маманды біріктірген «Трансфузиялық терапияның өзекті мәселелері» атты XIII республикалық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады.

Делегаттардың қатарында – Қазақстан, Қытай, Германия, Швейцария, Тунис, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдердің жетекші мамандары мен ғалымдары бар.                                                                                                                                                                                   Іс-шараны ҚР ДСМ Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы ұйымдастырды.

Конференция трансфузиология саласындағы озық технологияларды, инновациялар мен практикалық шешімдерді талқылаудың, сондай-ақ халықаралық деңгейте тәжірибемен алмасудың маңызды алаңына айналады. Клиникалық және өндірістік трансфузиологиядағы жаңа тәсілдерге, зертханалық диагностика, гематология, трансплантология және иммуногенетиканың заманауи әдістеріне баса назар аударылады.

Қатысушылар қанды өңдеу процестерін автоматтандыру, донорлық қан үлгілерін скринингілеудің озық тәсілдері және жоғары технологиялық медициналық шешімдерді пайдалана отырып, сирек кездесетін ауруларды емдеудің жаңа әдістері сияқты инновациялық технологияларды енгізудің жолдарын талқылайды.

«Қазақстанда жыл сайын 200 мыңнан астам азамат донор болады, олар жалпы алғанда қан мен оның компоненттерінің 250 мыңнан астам донациясын жүзеге асырады. Елімізде дайындалатын және өңделетін донорлық қанның жалпы көлемі жылына 250 мың дозаны құрайды», – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Қазақстан қан компоненттерінің қажеттілігін 100% деңгейде қамтамасыз етіп отыр, бұл әртүрлі клиникалық жағдайда пациенттерге көрсетілетін трансфузиялық көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Донорлық мәдениетті дамытудың маңыздылығына да ерекше назар аударылды. «Донорлыққа деген сенімділікті қалыптастыру – қан қызметінің тұрақтылығы мен сенімділігінің негізін құрайтын басты фактор болып табылады», – деді ҚР ДСМ Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының басқарма төрағасы Сәния Әбдірахманова.

ДДСҰ, Еуразиялық медициналық қауымдастық өкілдері, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен келген жетекші ғалымдар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті және трансфузиялық терапияны тиімді дамытуға арналған инновациялық шешімдерін ұсынды.

 

Қазақстанда 460-тан астам медициналық ұйым трансфузиялық терапиямен айналысады. Жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке қан компоненттері құйылады, ал жалпы трансфузиялар саны жылына шамамен 400 мыңға жетеді. Мұндай көрсеткіштер ұлттық қан қызметінің тұрақтылығы мен сенімділігін, сондай-ақ халыққа қолжетімді және қауіпсіз трансфузиялық көмек көрсету саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін көрсетеді.

Жаңалықтар