Донорларды қабылдау: күн сайын 8:30-дан 14:00-ге дейін

Трансфузиология орталығының директоры: Қан беруді коммерцияландыру қауіпті

Нұр-Сұлтандағы локдаун қан беру ісіне қалай әсер етті, неліктен донорларды жеңілдікпен ынталандыруға болмайды, қан орталығында біз білмейтін қандай процедуралар жүзеге асырылады – Елорда Инфо тілшісі осы және басқа да мәселелер төңірегінде республикалық Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының директоры Сәния Әбдірахмановамен әңгімелесіп қайтты.

 Сәния Әлішқызы, сұхбатымызды бірден оқырманға пайдалы ақпарат беруден бастайық. Кімдер қан тапсыра алады?

– Донорлыққа қойылатын ең әуелгі талап – адам 18-ге толған болуы керек. Жоғары шектік жас жоқ. Бұрын 65-тен асқандандардың қан беруіне тыйым салынатын еді, қазір бұл ереже алынып тасталды. Бізге өзі ниеттеніп келген қарт кісілердің денсаулығын тексеріп, қарсы көрсетілім анықталмаса, донор болуына шектеу қоймаймыз. Екіншіден, салмағы 50 келіден асатын адамдар ғана донорлыққа жарайды. Біз бәрінен бір ретте стандарт көлемдегі, яғни 450 мл қан аламыз, ал салмағы аз кісілер үшін мұндай көлем ауыр тиюі мүмкін. Үшіншіден, донорда ІІ және ІІІ деңгейдегі артериялық гипертензия, обструкциялық бронхит, асқазанның ойық жарасы, бауыр циррозы, гепатит, мерез, АИТВ тәрізді созылмалы аурулар болмауға тиіс, туберкулезбен ауырмаған, бұрын-соңды есірткі тәуелділігіне шалдықпағаны да міндетті.

 Мұның бәрін қалай анықтауға болады? Пациент кейбір ауруларынан өзі де хабарсыз болуы мүмкін ғой…

– Мұның бәрі қан тапсырар алдында терапевт қабылдауына барғанда сұралады және ортақ базадан тексеріледі. Сондай-ақ, пациенттен «Өзіңізді қалай сезініп тұрсыз?», «Соңғы уақытта қандай дәрілік препарат қабылдадыңыз?», «Түнде жұмыста болдыңыз ба?», «Жеткілікті демалдыңыз ба?», «Денеңізде тату/пирсинг бар ма?», «Қан құйдырып көргенсіз бе?», «Жуырда шетелден оралдыңыз ба?», «Қорғанбастан жыныстық қарым-қатынасқа түстіңіз бе?» деген секілді бірқатар сұрақты қамтитын сауалнама жүргізіледі. Осындай бірнеше сатыдан тұратын тексеріс аяқталған соң, пациенттен анализ үшін қан алынады, одан кейін пациентті қан тапсыруға жібереді. Анализ нәтижесі ертеңіне белгілі болады. Ешқандай қауіп-қатер анықталмаған жағдайда әлгі қан сақтауға жөнелтіледі.

 Қан беруге келетін кісілер көп пе? Қанша белсенді донорларыңыз бар?

– Күніне орташа есеппен 90 адам қан тапсыруға келеді. Олардың шамамен жартысы – бізге бірнеше жылдан бері тұрақты түрде келіп, қан тапсырып жүргендер. Жас ерекшелігі бойынша бөлетін болсақ, донорлардың жартысынан көбі, яғни 51 пайызы – 31 мен 50 жас аралығындағылар. Қан беруге көбіне ер адамдар бейім, олардың үлесі 69 пайызды құрайды.

 Жыл сайын донорлар саны қалай өзгеріп жатыр? Оған пандемияның әсері тиді ме?

– Нұр-Сұлтанда былтыр бірнеше ай локдаун режимінде өтті, қозғалысқа шектеу енгізілді. Соның себебінен тұрақты донорларымыз шамамен 30 пайызға азайды. Оларға да өкпелей алмаймыз, өйткені ешкім вирус жұқтырып алғысы келмейді. Бізге елордадағы медициналық мекемелерден күн сайын сұраныс түседі, кейде бір қан тобы бірнеше ауруханаға қатарынан қажет болып қалуы мүмкін, ол да қиын. «Қазір карантин. Бізде қан жоқ, қансыз өздерің бірдеңе қыларсыңдар» демейміз ғой. Ешқашан олардың бетін қайтарған емеспіз, қайтармаймыз да. Сондықтан біз шамамыз жеткенше пациенттерімізге телефон соғып, қан тапсыруға шақырып тұрдық. Алдын ала бірнеше айға жететін ауқымды қор дайындап алу тиімсіз. Өйткені эритроциттерді сақтау мерзімі – 40 күн, ал тромбоциттердікі – 7 күн ғана. Жалпы, 2019 жылмен салыстырғанда, 2020 жылы донация сәл аздау болды. Мәселен, 2019 жылы біздің орталықта 35 228 рет қан берілсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 30 180-ге азайды.

 Сіздерге ең көп тапсырыс елорданың қандай медициналық мекемелерінен түседі?

 Бірінші орында – кардиохирургиялық аурухана дер едім. Онда жиі ота жасалады, астананың ғана емес, республиканың әр түкпірінен пациенттер келеді. Мұндағы аппараттарды үнемі донорлық қанмен толтырып отыру керек, ал бұл көп қанды қажет етеді. Екінші орында онкологиялық орталық тұр. Одан кейін қаланың басқа медициналық мекемелері кетеді. Айына біз оларды 5,5 мың доза қанмен қамтамасыз етеміз. Бұл 1 мыңдай науқастың еміне жұмсалады.

 Донорға деген қажеттілік жыл мезгіліне қарай өзгеріп отыра ма? Әлде барлық уақытта сұраныс бірдей ме?

 Бұрын шілде, тамыз айларына қарай қажеттілік сәл азаятын еді, соңғы жылдары олай емес. Мұны мен жоспарлы оталардың көбеюімен байланыстырар едім. Сонымен қатар 2020 жылы елімізде бейбибум құбылысы байқалды, қан кету қаупі бойынша көп әйел ауруханаға түсті. Осы себептен де әлгі ауруханаларда қанға деген қажеттілік жыл бойы толастаған жоқ.

 Адамдарды донор болуға ынталандыру үшін оларға әртүрлі жеңілдік ұсынып отыру туралы қалай ойлайсыз? Мысалы, Қазақстанда 40 немесе одан көп рет қан тапсырған адамға «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» деген төсбелгі табысталады. Тым болмағанда, осындай марапаты бар кісілер қоғамдық орында қандай да бір артықшылыққа ие болғаны дұрыс па?

 Негізі қан беруді коммерцияландыру қауіпті. Бұл іс те қайырымдылық болып есептелетіндіктен, ол тек альтруизмге негізделуі керек. Неге дейсіз бе? Себебі адамда қандай да бір материалдық пайда табуды көздейтін мотив пайда болғанда, ол қан берер алдында өтірік айтуы, қандай да бір фактіні ішінде бүгіп қалуы мүмкін. Бұл сапасы күмәнді қанның көбеюіне жол ашады. Еуропа елдерінде неге донор болғысы келетін адамдар көп? Бұл оларда донорларға арналған жеңілдіктің болуынан емес, қоғамда қайырымдылықтың күшті насихатталатындығынан.

 Ендеше донор қан беру арқылы өзіне қандай пайда келтіре алады?

– Қан тапсырған адам өзінде қандай аурулар барын тегін анализ арқылы анықтай алады. Әдетте адамдар өз бетімен жұқпалы ауруларға тексеріле бермейді. Кейде донор болуға өтініш білдіргендердің ішінен ойламаған жерден мерез, гепатит, АИТВ секілді қауіпті аурулар анықталып жатады, олар қан тапсыруға келмесе, мұны кеш білуі мүмкін еді ғой. Одан бөлек, қан беру денсаулыққа пайдалы, бұл ағзадағы қанның жаңарып, ағзаның жасара түсуіне көмектеседі.

 Донорларды қалай тартасыздар?

 Көбіне әлеуметтік желі арқылы насихат жұмыстарын жүргіземіз, оған қоса қаладағы мекемелерді аралаймыз. Мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер, полицейлер, өрт сөндірушілер – біз жиі баратын ұжымдар. Өкінішке қарай, кейбір ұжым басшылары қызметкерлерінің донор болуына мүдделі емес, өйткені, заң бойынша, қан тапсырған адамға екі күндік демалыс берілуі керек. Ал бұл жұмыс берушілерге тиімсіз. Бізге өздері келетін азаматтар да жетерлік. Кейбіреулері жиырма жылдан бері тұрақты түрде өз еркімен қан тапсырып отырады. Мәселен, Пармбек Сарбасов деген азамат 2002 жылдан бері жылына төрт-бес рет қан беріп отырады. Бүгінге дейін 100-ге жуық мәрте қан тапсырды.

 Коронавирус пандемиясы кезінде қан берушілердің жаңа тобы – иммундық донорлар пайда болды. Олардың қан беруі өзге донорлық процестерден ерекшелене ме?

 Иммундық донорлардан плазма алынады. Плазма дегеніміз – қанның сарғыштау түсті сұйық бөлігі. Плазма донордан арнайы аппарат – қан сепараторы арқылы алынады. Бұл процедура плазмаферез деп аталады. Бір процедурада 400-600 мл плазма ала аламыз. Плазма алмас бұрын донорда коронавирусқа қарсы антидененің бар-жоғын, бар болса оның қанша мөлшерде екенін анықтап алуымыз қажет. Плазманы алған соң, оған вирусинактивация жасалып, пайдалануға дейін қатырылып қояды. Иммундық плазманы коронавирустан жазылған соң бір айдан кейін тапсыра беруге болады. Эритроциттер бойынша, қанның І тобы бәріне бірдей жарамды болса, плазмаға келгенде, IV топты әмбебап деп айтамыз. Сондықтан осы топқа жататын донорлар сұранысқа ие. Биылғы 1 сәуірге дейін біздің орталықта 1 005 доза иммундық плазма дайындалып, оның 165 дозасы КВИ-ге шалдыққан науқастарға құйылды.

 Қан орталығы процедураларды сапалы жүргізуге мүмкіндік беретін құрал-жабдықпен қамтылған ба?

 Иә, техникалық жабдықталу жағынан халықаралық стандартқа толықтай саймыз. Бізде қан беру процедурасының әрбір сатысы мұқият тексеріледі. Қауіпсіздік мақсатында вирусинактивизиация барысында барлық қан құрамынан лейкоциттерді алып тастаймыз, өйткені қан құю кезінде олар реакция туғызуы мүмкін. Мұндай шара әлемнің дамыған елдерінде жүргізіледі. Қан беруден бөлек, біз басқа да пайдалы процедураларды қолға алғанбыз. Мәселен, солардың бірі тромбоциттермен байытылған плазма арқылы жүзеге асады. Тромбоциттер арқылы қан жараны тез жазатын қасиетке ие болады. Мұндай плазманы қант диабетіне, нейродегенеративті ауруларға шалдыққан, денесінде ойық жарасы бар адамдарға пайдалануға болады. Одан басқа, біздің орталығымызда гемокоррекция, гемоэксфузия, фотоферез сияқты бірқатар емдеу-сауықтыру процедурасы да бар.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Жаңалықтар