Донорларды қабылдау: күн сайын 8:30-дан 17:00-ге дейін
Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы мен Türkiye Organ Nakli Vakfı ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келешекте трансфузиология және трансплантология саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтып, алынған нәтижелерді екі елдің де білім беру, ғылыми және медициналық тәжірибесіне кеңінен енгізу арқылы жаңа жетістіктерге қол жеткізу көзделуде.
Құжатқа қол қою 7 сәуір күні Түрік трансплантация қоры делегациясының жұмыс сапары аясында жүзеге асырылды. Меморандумға Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының Басқарма Төрағасы Сәния Әбдірахманова және Түрік трансплантология қорының президенті Dr. Eyüp Kahveci қол қойды.
Тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, тәжірибе, ғылыми ақпарат және білім беру тәжірибесімен алмасу, білім беру бағдарламалары мен біліктілікті арттыру курстарын бірлесе іске асыру, халықаралық ғылыми іс-шараларды ұйымдастыру туралы уағдаласты.
Сапар аясында Түркиядан келген делегаттарға экскурсия ұйымдастырылды. Сәния Әбдірахманова жұмыстың негізгі бағыттарын туралы баяндады, ал тіндерді иммунологиялық типтеу бөлімінің басшысы Аида Тұрғанбекова өз бөлімінің қызметімен таныстырды.
Түркиядан келген қонақтар Қан орталығының заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейіне және мекеме қызметкерлерінің құзыретіне жоғары баға берді. Сонымен қатар, трансплантацияны дамыту мәселелері бойынша ұйымдастырылған дөңгелек үстелге де қатысты.
Түркиядағы трансплантология саласының деңгейі әлемдегі ең үздік көрсеткіштер қатарына жататынын екенін атап кеткеніміз жөн. Түркия Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, ағзаларды транспланттау бойынша жыл сайын 5000-нан астам операция жасалады, бұл Еуропаның кез келген елінде жасалатын операциялар санынан айтарлықтай жоғары.