Донорларды қабылдау: күн сайын 8:30-дан 14:00-ге дейін

Астаналықтар жылына 40 мың литр қан тапсырады

https://elorda.info/kk/news/view/astanalyktar-ghylyna-40-myn-litr-kan-tapsyrady

Бүгін Трансфузиология ғылыми өндірістік орталығында Дүниежүзілік донор күніне арналған мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Шара барысында бүгін орталыққа келушілердің саны күндегіден 2-3 есеге көп болды.

Ресми мәліметке сүйенсек, еліміз бойынша донорлар жылына 200 мыңнан аса литр қан тапсырса, оның 40 мың литрі Нұр-Сұлтан қаласының еншісінде. Ал қан компоненттері мен препараттарын құюды қажет ететін елдегі 80 мыңнан аса пациенттің 14 мыңы – елорда тұрғындары.

Науқастарға құю үшін тапсырылған қаннан қажетті эритроцит, плазма, тромбоцит сияқты қан компоненттері жасалады. Ал донорлық қан компоненттері негізінен онкогематологиялық, кардиохирургиялық науқастарға және жас босанған аналарға пайдаланылады.

«Донор ретінде тұрақты түрде қан тапсырып жүрген пациенттер мемлекеттік бюджет шеңберінде АИВ-қа, В және С гепатиттеріне, мерезге тегін талдау жасатып, өзінің қан тобын,  резус-факторын және гемоглобин деңгейін де тегін анықтай алады», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордадағы филиал директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Жалпы, елдегі қан орталықтары 460-тан аса медицина ұйымын, ал елордадағы Трансфузиология ғылыми өндірістік орталығы 23 клиниканы донорлық қан компоненттерімен қамтамасыз етеді.

Айта кетсек, Дүниежүзілік донор күніне арналған мерекелік шара бүгін кешкі сағат 17.00-де «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында да «Баршамызға қауіпсіз қан!» тақырыбымен жалғасын табады.