Донорларды қабылдау: күн сайын 8:30-дан 17:00-ге дейін
Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының (ТҒӨО) мамандары 2025 жылғы 31 мамыр мен 4 маусым аралығында Италияның Милан қаласында өткен Халықаралық трансфузиология қоғамының (ISBT) 35-ші өңірлік конгресінде Қазақстан атынан сөз сөйледі. Аталған іс-шара 100-ден астам елден 2000-нан астам маманды біріктіріп, трансфузиялық медицина мен жасушалық технологиялар саласындағы соңғы жетістіктерді талқылайтын маңызды халықаралық алаңға айналды. Конгресс аясында түрлі бағытта 250-ге жуық баяндама ұсынылды.
ТҒӨО қызметкерлері трансфузиялық ғылым мен практиканың өзекті бағыттарын қамтитын бес постерлік баяндаманы және бір ауызша баяндаманы ұсынды. Жасушалық технологиялары бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты трансфузиолог-дәрігер Мадина Оспанованың ауызша баяндамасы клиникалық, әсіресе онкогематология мен регенеративті медицинада қолдануға арналған мезенхималды стромалды жасушаларды дайындау мәселелеріне арналды.
Сарапшы өз сөзінде жасуша өсіру хаттамаларын жетілдірудің, атап айтқанда ұрықтың сиыр сарысуын (FBS) адам сарысуына (HBS) ауыстырудың маңыздылығына ерекше атап өтті. Осы тәсіл жоғары қауіпсіздік пен биологиялық үйлесімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, иммундық тәуекелдер мен инфекция жұқтыру ықтималдығын едәуір төмендетеді.
ТҒӨО-ның ISBT Milan 2025 конгресіне қатысуы Қазақстандағы трансфузиология ғылымының қарқынды дамуы және оны жаһандық ғылыми кеңістікке интеграциялауға деген ұмтылыстың айқын көрінісі. Ұсынылған зерттеулер мен инновациялық әзірлемелер халықаралық әріптестікті нығайтып, трансфузиялық медицина саласындағы озық тәжірибе мен білімді бөлісуге серпін беретін болады.
Аталған конгресс 1935 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді және 90 жылға жуық уақыт бойы трансфузиялық медицина саласындағы ғалымдар мен мамандарды біріктіретін жетекші ғылыми алаң ретінде қалуда.